Мазмұнға өту
Asyl Adam
Қалдарбек Сраиловтың студиялық портреті: қою костюм, көкірегінде екі марапат
Лицензия: Құқық иесінің рұқсатымен

Тәуелсіздік

Қалдарбек Сраилов

1980 жылы туған

Қоғамдық бастамалар

Қазақстандық меценат және қоғам қайраткері. 1980 жылы Шымкент облысы Қазығұрт ауданында туған, мамандығы бойынша инженер-құрылысшы. 2015 жылдан бері Дінмұхамед Қонаевтың есімін насихаттауға арналған спорттық, мәдени және ғылыми іс-шараларды қаржыландырып, ұйымдастырып келеді.

Өмір сүрген жылдары
1980 жылы туған
Туған жері
Қақпақ
Дәуір
Тәуелсіздік
Айналысқан саласы
Қоғамдық бастамалар

Өмірбаяны

1980 жылы Шымкент облысы Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Смаил Сраилұлы — дене шынықтыру пәнінің, анасы Шархия Бекжанқызы химия пәнінің мұғалімі болған. 1981 жылы отбасы Алматы қаласына көшкен.

1998–2003 жылдары Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын (ҚазБСҚА) «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген.

2006 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Күш ауылдық округіне қарасты Қарашеңгел елді мекенінде жұмыс істеген.

Қоғамдық және демеушілік қызметі

2015 жылы Д. Қонаевтың атындағы мешіттің құрылысына қаржылай үлес қосқан. Осы кезден бастап өз іс-шараларын Д. Қонаевтың есімін ұлықтауға арнай бастаған.

Спорттық іс-шаралар

2016 жылы Тараз қаласында өткен жасөспірімдер турнирінен кейін Д. Қонаевтың құрметіне жарыс ұйымдастыруды қолға алған. 2017 жылдан бастап Қаскелең қаласында жасөспірімдер арасында еркін күрестен Д. Қонаевқа арналған турнир жыл сайын өткізіліп келеді.

2017–2018 жылдары Шымкент қаласынан 200-ге жуық оқушыны география, қазақ тілі және Қазақстан тарихы пәндерінен өткен олимпиадаға қатысу үшін Алматыға алып келіп, оларды жатақханамен қамтамасыз еткен.

Д. Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай:

  • 2022 жылғы 26 маусымда Қонаев қаласында жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир өтті. Турнирге Қазақстанның 12 облысынан 200-ге жуық спортшы қатысты.
  • 2022 жылғы 17 тамызда Қонаев қаласының орталық саябағында жекпе-жектен турнир ұйымдастырылды.
  • 2022 жылғы 18 желтоқсанда Алматыдан Қонаев қаласына дейін 50 шақырымдық жүгіру жарысы өтті. Ең жасы үлкен қатысушы 83 жастағы Владимир Ковальчук, ең жас қатысушы демеушінің 13 жасар ұлы Аянбек Қалдарбекұлы болды.

Бәйгелер мен ас беру

2017–2019 жылдары Алматы ипподромында 1000–1500 адамға арналған ас беруге және бәйге ұйымдастыруға демеушілік жасаған. Бәйгенің бас жүлдесіне әкесі Смаил Сраилұлы түйе тіккен.

2022 жылғы 18 тамызда Д. Қонаевтың 110 жылдығына арналған халықаралық бәйге өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейден 300-ден астам ат қатысты. Демеушілер уәде еткен жүлделерден бас тартқандықтан, Сраилов бас жүлдеге өз көлігін тікті; жүлдені қырғызстандық атбегілер жеңіп алды. Іс-шараға 10 мыңнан астам адам жиналып, 17 қазан палау халыққа тегін таратылды, 1000 бас киім мен 1000 шарф таратылды.

Мәдени және ғылыми іс-шаралар

2017 жылы «Қонаевтың сүйікті әндері» атты концерттің өтуіне демеушілік жасады. Концертке Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты өнер қайраткерлері қатысты. Концерттен кейін «Жұлдыз» мейрамханасында 100–120 адамға ас берілді.

2019 жылғы 24 сәуірде Д. Қонаевты еске алуға арналған «Академия Қонаев» ғылыми конференциясын өткізді.

2023 жылғы 23 қаңтарда Қонаев қаласында жасөспірімдер арасында айтыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ Алматыдағы № 178 лицейде физика, тарих, математика пәндерінен және волейболдан Д. Қонаевтың 110 жылдығына арналған жарыстар өткізілді.

Іс-шараларда қонақтарға Д. Қонаевтың «Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан аласа екенімді ешқашан ұмытқан емеспін» деген сөзі жазылған шарф, сөмке, бас киім және қаламсап таратылады.

Кітап басып шығару

Сраиловтың демеушілігімен «Үш-Қиян» баспасынан Д. Қонаевтың мына кітаптары қайта басылып шықты:

  • «От Сталина до Горбачёва» (1994) — 2000 дана;
  • «Ақиқаттан аттауға болмайды» — 4000 дана;
  • «Өтті дәурен осылай» (1992) — 2000 дана;
  • «О моём времени» — 2000 дана;
  • «30 дней в Народном Китае» (1954) — 2022 жылғы 23 желтоқсанда екінші басылымы 1000 дана болып шықты. Кітаптың тұсаукесері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті.

Алғашқы төрт кітаптың тұсаукесері Халықаралық кітапханада өткізілді.

Ескерткіштер мен мұражай

2019 жылы Д. Қонаевтың жерленген жерін абаттандыру жұмыстарын өз қаражатымен атқарды.

Сол жылы Талдықорған қаласында ашылған Д. Қонаев мұражайына Күш ауылындағы Қонаевтың бұрынғы резиденциясынан бірнеше жәдігер тапсырды.

2017 жылы Ләтіп ақсақалдың ұсынысымен Бақанас ауылында Д. Қонаевқа ескерткіш орнату ісін қолға алды. 2020 жылы ескерткіш орнатылатын жерді барып көрді, Балқаш ауданының әкімдігі техника бөлді. Ескерткіш 2022 жылғы 14 мамырда салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсімінде Қонаев логотипі бар 500 бас киім мен 500 шарф тегін таратылды.

2022 жылғы 13 тамызда Тараз қаласында Д. Қонаевқа ескерткіш ашылуына орай 35 орден, 70 медаль және 100 төсбелгі тапсырды.

Өзге қайырымдылық

2021 жылы Қаскелең қаласындағы «Рахым» сауықтыру орталығына ерекше қажеттіліктері бар балаларды емдеуге арнап екі тай сыйлады.

Жоспарлары

Д. Қонаевтың қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай ол туралы көркем фильм түсіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Алматыдағы № 19 мектепке, Шығыс айналма жолына Д. Қонаевтың атын беруді және Көктөбе маңында 30 метрлік мүсін орнатуды ұсынған.

Жеке өмірі

Жұбайы — Перизат Айбасқызы. Сегіз баланың әкесі.

Галерея

  • Қалдарбек Сраилов кірпіш қабырғаның алдындағы орындықта отыр, қолында кітапС книгой Д. Кунаева «От Сталина до Горбачёва»
  • Қалдарбек Сраилов ашық кітап ұстап тұр, иығында пиджакС переизданной книгой
  • Қалдарбек Сраилов биік орындықта отыр, қолдары айқастырылғанСтудийная съёмка

Жаңартылды: 2026 жылғы 30 қыркүйек